Көкшетауда жедел уәкілдер орталық басқару пультінің (ОБП) камералары арқылы ұрланған көліктің бағытын анықтап, күдіктіні ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 қыркүйек таңертең жергілікті тұрғын «ВАЗ-2112» көлігінің ұрланғаны туралы арызбен полицияға жүгінген. Иесінің айтуынша, белгісіз біреу көлікті үйінің ауласынан алып кеткен. Тексеру барысында көлік құлыпталмаған, ал кілттер салонда қалғаны анықталды. Осы абайсыздықты пайдаланған қылмыскер.
Арыз түскен бойда полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын бастады. Соның ішінде қалалық бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, ұрланған көлікке берілген бағдар барлық патрульдік нарядтарға жеткізілді. Тексеру барысында ОБП камераларының бірі ұрланған көлікті тіркеп, оның қозғалыс бағытын бақылауға мүмкіндік берген. Алынған ақпарат патрульдіктерге жедел жеткізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде инспекторлар Қуаныш Сәдбеков пен Бейбіт Қамбашевтан құралған экипаж күдіктіні сол күні ұстады. Көлікті иемденгеннен кейін оның темекі іздеп қала бойынша жүргені анықталды. Ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.


