Көкшетауда жүргізушілер сапасыз отынға жаппай шағымданды: олардың айтуынша, көліктер жанармай құйғаннан кейін бірден тоқтап қалған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Көкшетаудағы отын оқиғасы туралы sinegor.kz паблигі Instagram-да жазды. «Көкшетау жүргізушілері жанармай құйғаннан кейін көліктері жол ортасында тоқтап қалғанына жаппай шағымданып отыр. Олар әдеттегідей Зеренді трассасына шығар жолдағы жанармай құю станциясына тоқтап, керек отынды құйған. Мұндай тоқырауды ешкім күтпеген. Қазіргі уақытта куәгерлер 20-дан астам көлік тоқтап қалғанын айтады. Кейбір жүргізушілер көлігін жолда тастап, қалаға жаяу кеткен», — делінген жарияланымда.

Жағдайға Көкшетау әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі жауап берді. «Жанармай құю станциясының басшылығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, сапасыз отын құю салдарынан зардап шеккен болуы мүмкін 15 көлік анықталды. Аталған көліктердің барлығы отын жүйесін тазарту бойынша қажетті жұмыстарды жүргізу үшін техникалық қызмет көрсету станцияларына (ТҚКС) жіберілді. Көлік иелеріне жанармай құю станциясы басшылығының келтірілген залалды өтеу жөніндегі міндеттемелерін растайтын кепілдік хаттар берілді», — деді әкімдікте.