Көкшетауда ер адам мен қыздың арасындағы жол дауы қылмыстық іске ұласты: күдікті анықталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 17 қыркүйекте Ақан сері көшесіндегі үйлердің бірінің жанында болған. Қыз Lada Vesta көлігін көлік шығатын қақпаның алдына қойып, сабаққа кеткен.
Шамамен бір жарым сағаттан кейін оралған ол көлік иесін 40 минуттай күткен ер адамды кездестірген.
«Олардың арасында тұраққа байланысты жанжал туындады. Ер адам көліктің есігін тепкен, салдарынан қыз басынан жарақат алды», — деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінде.
Сонымен қатар полиция дерегінше, қақпаның алдында көлік шығатын аймақ екенін көрсететін жол белгілері немесе өзге де көрнекі белгілер болмаған.
Ақпарат әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін полицейлер 1983 жылы туған ер адамның жеке басын анықтады. Оған қатысты бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.


