Көкшетауда жұмысшы баспалдақ аралығынан құлап, ауыр жарақат алды. Оқиға туралы қалалық полиция мен Ақмола облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Оқиға жайлы ақпарат Nayza_kokshe паблигінде жарияланды. Жарияланым авторының дерегінше, ер адам Васильков шағын ауданында биік баспалдақтан құлаған. Құлау биіктігі кемінде 5 метр болған.
«Баспалдақ аралығынан құлап кетті. Зардап шегушінің, кемінде, политравмасы, ашық бас-ми жарақаты, омыртқасы мен басқа да сүйектерінің сынығы бар», — делінген жарияланымда.
Қалалық полиция осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Оқиғаны Ақмола облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті де түсіндірді.
«Осы оқиға бойынша Ақмола облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне жұмыс берушіден жазатайым оқиға туралы хабарлама келіп түскен жоқ. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Жұмыс берушінің жазатайым оқиға фактісі туралы хабарламауы үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, одан кейін жазатайым оқиға фактісі туралы хабарлама беру бөлігінде нұсқама орындалады», — деді ведомствода.


