Көкшетауда үлескерлерге қатысты жанжал өршіп тұр: 18 адам тұрғын үй құрылысына 120 млн теңгеден астам қаражат салған, бірақ пәтерлерін ала алмаған, деп хабарлайды infohub.kz.

Төрт жыл ішінде құрылыс салушы жоспарланған он екі қабаттың тек біреуін ғана тұрғызған. Үлескерлердің айтуынша, 2022 жылы шартқа қол қойар алдында оларға тартымды жоба көрсетіліп, жеке баспана туралы армандарының жақын арада орындалатынына сендірген.

«2023 жылы мен ақшамды алуға келдім, бермеді: „Осы үйдің ішінен қойма бөлмесін береміз“ деді. Бір жылдан кейін — бірнеше қада соқты. Тағы бір жылдан соң ақша сұрап келсем, „Күте тұрыңыз. Айыппұлды шаршы метрмен береміз“ дейді. Түсінесіз бе? Міне, 2022 жылдан бері 2026 жылға дейін ештеңе ала алмадым!» — деп наразылық білдірді Жұматай Тәжібаев.

Үлескерлер ақпарат жинай бастағанда, құрылтайшы компания банкроттық рәсімін бастағанын анықтаған. «Біз әкімдіктен де, прокуратурадан да осы мәселені шешуді сұрадық. Қылмыстық іс қозғау үшін өтініш бердік, өйткені бұл алаяқтыққа ұқсайды. Ақшаны жинап алып, құрылыс тоқтап тұр. Ешқандай із таба алмай отырмыз», — деді Сара Ақтаева.

Құрылыс салушының заңгері компанияның өзі жағдайдың кепіліне айналғанын айтады. Оның сөзінше, 2021 жылы фирма үлескерлердің қаражатын тартуға құқылы болған, банк-оператормен келісім жасап, жеңілдікті бағдарлама бойынша тұрғын үй сатпақ болған. Алайда жағдай өзгеріп, қазір компания жеке инвесторларды іздестіруде. «Негізгі себеп — „Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі“ жеңілдікті несиелендіруді тоқтатты, соған байланысты рұқсат кері қайтарылды. Тиісінше, құрылыс тоқтатылды. Өткен жылдың қыркүйегінде Алматы қаласынан бір инвестициялық компаниямен келісімшарт жасадық. Бірақ әзірге белгісіз себептермен қаржы құйылмай отыр», — деп түсіндірді заңгер Ильдар Хисмутдинов.

Әкімдікте үлескерлер мәселесін шешу басым бағыт екенін айтты. Өз тарапынан олар көмектесуге тырысып отыр — инвестор табылған сыңайлы. «Олардан үлескерлер саны мен жоба құны туралы мәлімет алдық. Қазір олар жобаны толығымен аяқтау үшін ішкі есеп жүргізіп жатыр. Қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіледі — жер телімдері мен техникалық жағдайлар жасалады», — деді Көкшетау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы. Алайда нақты мерзімдерді ведомство атамады.