Көкшетауда мамыр айында қала аулаларының бірінде болған өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы бойынша екінші қылмыстық іс тоқтатылды. Автокөлік әйел адамды қағып, басып кеткен, деп хабарлайды infohub.kz.
23 маусымда Көкшетау қалалық соты айыпталушы әйелге қатысты істі қарады. Оған Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі (жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соққан) бойынша айып тағылған. Анықталғандай, 2026 жылы мамырда айыпталушы жүргізуші куәлігінсіз үй ауласына бұрылу кезінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жәбірленуші ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болған. Айыпталушының түсіндіруінше, ол рульге отырған, себебі күйеуінің жағдайы нашарлап кеткен. Сот оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігі (кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге кейінге қалдыру) негізінде жазаны өтеу 3 жылға кейінге шегерілді — сотталған әйелдің тәрбиесінде екі кәмелетке толмаған баласы бар.
Сонымен қатар, құқығы жоқ адамға көлік басқаруды тапсырған көлік иесіне қатысты іс жеке өндіріске бөлінген. Ол Қылмыстық кодекстің 349-бабы 3-бөлігі бойынша тергелген. Ақмола облысы Полиция департаментінің 28 шілдедегі хабарлауынша, «сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 3-тармағы (амнистия актісін қолдануға байланысты) негізінде қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалдық шешім қабылданды».
Еске салайық, мамыр айында әлеуметтік желілерде Көкшетауда әйел адамды қағып кету видеосы тарады. Кадрларда автокөліктің жаяу жүргіншіні қағып, содан кейін басып өткені көрінген. Рөлде кейін полиция ұстаған әйел болған. Бастапқыда екі қылмыстық іс қозғалған — жүргізушіге және оның күйеуіне, яғни көлік иесіне, ол әйелінің жүргізуші куәлігі жоқ екенін білген.


