Биылғы жылдың басынан бері Қазақстанда көкжөтелдің 250 жағдайы тіркелді, оның ішінде ауырғандардың 90%-дан астамы — бес жасқа дейінгі, жоспарлы екпе алмаған балалар, деп хабарлайды infohub.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республикада көкжөтелмен сырқаттанушылық 2026 жылдың басынан бері 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға төмендеген. Ведомство мұны балаларды жоспарлы және қосымша егу арқылы қол жеткізгенін атап өтті.

Жыл басынан бері ауырған 250 адамның 91%-ы — жоспарлы вакцинациядан өтпеген балалар. Жалпы, жыл басынан бері көкжөтелге қарсы екпені 360 мыңнан астам бала алды. Атап айтқанда, 12 айға дейін 102 мың бала, бір жастағы 91 мыңнан астам бала және алты жастағы 167 мыңнан астам бала егілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, вакцинаға теріс реакция жағдайлары тіркелген жоқ. Сонымен қатар, уақытында екпе алмағандарға егу жүргізілуде: осы кезеңде 18 жасқа дейінгі 107,5 мың бала мен жасөспірім егілді.

Ведомство көкжөтелге қарсы екпе — бұл аурудың жалғыз тиімді алдын алу шарасы екенін, ол балаларды аурудың ауыр ағымынан қорғауға мүмкіндік беретінін еске салды.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың күзінде республикада қызылшамен сырқаттанушылық күрт өскен болатын. Сонда Денсаулық сақтау министрлігі ауырған балалардың 70%-ы егілмегенін хабарлаған еді. 2024 жылы ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова Қарағанды облысында наурыз айында тіркелген баланың көкжөтелден қайтыс болған алғашқы жағдайы туралы мәлімдеді.