Kolesa Group алаңдарында интернет-алаяқтар пайдаланған 1 мыңнан астам аккаунт пен тегін хабарландыру бұғатталды. Қылмыскерлерді тезірек анықтау үшін компания мен Қазақстанның Бас прокуратурасы ынтымақтастықты меморандуммен бекітті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бас прокуратураның мәліметінше, тараптар ақпаратты жедел алмасуға, қылмыстық істерді тергеу аясында деректерді беруге және алаяқтық аккаунттар мен хабарландыруларды бұғаттауға келісті.
Сонымен қатар пайдаланушыларды бөгде адамдардың өтінішімен, оның не үшін қажет екенін білмей тұрып, тіркелгі жасамауға және хабарландыру жарияламауға шақырады. Схема қарапайым көрінуі мүмкін: біреу сіздің атыңыздан аккаунт тіркеуді немесе хабарландыру жариялауды сұрайды. Алайда тіркелгі басқаларды алдауға пайдаланылса, оның иесі өзі қылмыстық істің фигуранты болып қалуы мүмкін.
Kolesa Group баспасөз қызметінің хабарлауынша, Kolesa.kz мен Krisha.kz модераторлары күн сайын 65 мыңға дейін хабарландыруды, оның ішінде пайдаланушылардың шағымдары бойынша тексереді. 2025 жылы команда 25 мың адал емес жариялау әрекетінің жолын кесті. Бұдан бөлек, нейрожелілер 4 млн фотосуретті тексерді, ал Kolesa.kz-те 72 мың жалған сурет бұғатталды.
«Пайдаланушылардың қауіпсіздігі – Kolesa Group үшін басты басымдықтардың бірі. Бас прокуратурамен ынтымақтастыққа қуаныштымыз: меморандум алаяқтық схемаларды тезірек анықтауға және адал әрі қауіпсіз қайталама нарықты бірлесіп құруға мүмкіндік береді», — деді компанияда.
Бас прокуратурада тіркелгі алаяқтыққа пайдаланылса, оның иесі қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертеді. Ең жоғары жаза 10 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жетуі мүмкін.
Бұған дейін Курсив Авто Астанада автосалон директоры сатып алушыларды 128 млн теңгеге алдағанын жазған болатын.


