Қарағандыда сот «күтпеген жағдайларға» арналған қолхат туралы істі қарады: бір тарап ақшаны қайтаруды талап етсе, екіншісі ештеңе алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz.

Жоғарғы Соттың ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Қарағанды қаласы Бөкейхан ауданының сотына өзара талап-арыздар түсті: бастапқы талап – несие шарты бойынша ақшаны өндіріп алу, қарсы талап – мәмілені жарамсыз деп тану туралы.

Талапкердің айтуынша, тараптар арасында несие шарты жасалған, оған сәйкес жауапкерге қарызын өтеу үшін ақша берілген. Несиені қайтару міндеттемесі орындалмағандықтан, талапкер қарыз сомасын, тұрақсыздық айыппұлын және сот шығындарын өндіруді сұраған.

Жауапкер талаппен келіспей, қолхатты жарамсыз деп тану туралы қарсы талап қойды. Ол ақшаны алмағанын түсіндірді. Оның айтуынша, ол жұмысқа орналасу үшін жеке кәсіпкерге жүгініп, көлік жалдау шартын жасасқан. Қолхат жеке кәсіпкердің нұсқауы бойынша «күтпеген жағдайларға» арналып жазылған, бірақ іс жүзінде ақша берілмеген. Жауапкер автокөлікті бір күн пайдаланып, қайтарған. Несие шарты бойынша берешегі мен сот актісі туралы ол кейін білген.

Заң бойынша несие – нақты мәміле және ол ақшаны қарыз алушыға нақты берген сәттен бастап жасалған болып есептеледі. Алайда талапкер ақшаның берілгенін құжатпен растай алмады. Іс материалдары қолхаттың нақты ақша алынбай жазылғанын дәлелдеді.

Сонымен қатар, сот даулы мәміленің заңнама талаптарын, соның ішінде субъектілік құрам мен тараптар еркінің еркіндігін бұза отырып жасалғанын анықтады. Шарт жеке кәсіпкер мен жеке тұлға арасында ресімделген, ал несие беру заңнамада белгіленген шектеулерге қайшы келген.

Сот ұсынылған дәлелдемелердің жиынтығын бағалай келе, ақшаның нақты берілгені расталмаған деген қорытындыға келді. Осыған байланысты қолхатпен ресімделген мәміле жалған болып табылады. Сот ақшаны өндіру туралы бастапқы талапты қанағаттандырудан бас тартты. Қарсы талап қанағаттандырылып, қолхат бойынша мәміле Азаматтық кодекстің 157-бабының 1-тармағы негізінде жарамсыз (жойылған) деп танылды.

Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылып, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.