Қазақстандық колледждерге оқу процесінен тыс уақытта спортзалдар мен бассейндерді жалға беруге рұқсат етілді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан колледждері оқу процесінен бос уақытта дене шынықтыру-сауықтыру және спорт нысандарын жалға беру құқығына ие болды. Тиісті өзгерістер «Білім туралы» Заңға «Қазақстан Республикасының әлеуметтік заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында енгізілді.
«Бұрын мұндай мүмкіндік тек жалпы білім беретін мектептерге ғана қарастырылған еді. Енді колледждердің спортзалдары, бассейндері, стадиондары және басқа да спорт нысандары оқу сабақтары аяқталғаннан кейін елді мекен тұрғындары пайдалана алады», — делінген ведомство хабарламасында.
Жалға беруден түскен кірісті колледждер спорт құрылыстарын күтіп-ұстауға және жөндеуге, заманауи спорт құрал-жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны дамытуға жұмсай алады. Бұл инфрақұрылымды тиісті деңгейде ұстап тұруға және колледждердің білім беру қызметін дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге септігін тигізетіні атап өтілді.
«Қабылданған өзгерістер мемлекеттік колледждердің спорт инфрақұрылымын тиімдірек пайдалануды қамтамасыз етеді, бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және Қазақстан азаматтарының дене шынықтырумен сапалы жағдайда айналысуына қолжетімділікті арттыруға ықпал етеді», — деп қосты министрлік.


