Қазақстанның Білім министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі колледждерде білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредитациясының нәтижелері туралы мәлімдеді. Педагогтер мен студенттер бағдарламалардың әлемдік стандарттарға сәйкестігін растайтын сертификаттарға ие болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Іс-шара барысында ведомство басшысы 27 колледжде білім беру бағдарламаларының халықаралық салалық және кәсіби талаптарға сәйкестігін бағалау рәсімі жүргізілгенін атап өтті. Аккредитация қорытындысы бойынша 134 педагог пен 347 студент халықаралық сертификат алды.

«Жыл басынан бері Қытай, Германия, Франция, Түркия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Канада, Сингапур, Италия, Ұлыбритания және Швейцарияның шетелдік колледждерімен академиялық ұтқырлық, халықаралық салалық аккредитация және басқа да бағыттар бойынша 80-ге жуық меморандум мен келісімге қол қойылды», — деп түсіндірді министр.

Жалпы, оның айтуынша, Қазақстанда 763 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алады. «Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студент қабылдау жоспарлануда. Мемлекеттік білім беру тапсырысының 70% техникалық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға жұмсалады. Кәсіпорындардың өтінімдері негізінде міндетті түрде жұмысқа орналастырумен 10 мыңнан астам студент қабылдау жоспарлануда», — деп қорытындылады Білім министрлігінің басшысы.