Колумбияның оңтүстігіндегі лицензиясыз алтын кенішінде болған көшкін салдарынан кемінде 13 жұмысшы қаза тауып, тағы жеті адам жарақат алды. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады.

Куәгерлердің айтуынша, сәрсенбі күні түстен кейін ашық әдіспен жұмыс істейтін кеніште жарылыс болған, сәл кейін төменде жұмыс істеп жатқан адамдар көшкін астында қалған.

Құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар экскаваторлардың көмегімен мәйіттерді құм астынан шығарды. Қаза тапқандардың төртеуі бір үндіс отбасының мүшелері екен.

Тұрғындардың айтуынша, Нариньо провинциясының оңтүстігіндегі Поликарпа маңындағы кеніште әдетте 50-ге жуық адам, негізінен Кильясинга үндіс тобының өкілдері жұмыс істеген.

Колумбияда, әсіресе ресми бақылаусыз асыл металдар өндірілетін лицензиясыз кеніштерде қайғылы оқиғалар сирек емес. Колумбияда 200 мыңнан 400 мыңға дейін адам қолөнершілік әдіспен кен өндірумен айналысады деп есептеледі, көптеген отбасылар тапқан асыл металдар мен тастарды сатудан түскен табысқа тәуелді.