Биылғы жылдың алғашқы алты айында Алматы облысының ойын бизнесі мемлекеттік бюджетке 25 миллиард теңге салық төледі, оның 10,6 миллиард теңгесі облыстық қазынаға түсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жалпы соңғы екі жарым жылда сала 184,7 миллиард теңге салық аударды, оның 53,8 миллиард теңгесі облыс бюджетіне жіберілді. Қазіргі уақытта Қонаев қаласында ойын бизнесінің 21 нысаны жұмыс істейді: 5 казино, 13 букмекерлік кеңсе және 3 ойын автоматтары залы. Салада 2,5 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Ойын бизнесі туризмнің дамуына да ықпал етеді. Туризм басқармасының дерегінше, казино келушілерінің шамамен 20 пайызы — шетел азаматтары. «Қонаев қаласына келген әрбір турист қонақүйлерге орналасып, қоғамдық тамақтану орындарына барады, көлік, сауда және басқа да қызметтерді пайдаланады. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың жандануына ықпал етеді. Сондықтан туристік ағынның ұлғаюы аймақтағы қызмет көрсету саласының дамуына оң әсер етеді», — деді туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.
Қолданыстағы «Ойын бизнесі туралы» заң аясында Талғар ауданында тек шетел азаматтарына арналған жаңа ойын аймағын құру жоспарлануда. Бұл бастама қоғамдық кеңестің оң қорытындысын алды. Жобаның Талғар ауданына орналасуы оның жоғары туристік әлеуетімен түсіндіріледі: аудан Алматы және халықаралық әуежайға жақын орналасқан, сонымен қатар тау, сауықтыру және рекреациялық туризмнің дамыған инфрақұрылымы бар.
«Талғар ауданы аймақтың ең дамыған туристік бағыттарының бірі. Мұнда «Ақбұлақ» спорттық-сауықтыру кешені, «Oi-Qaragai» тау шаңғысы курорты, Aquaasia Resort курорттық кешені және Tal Resort демалыс аймағы орналасқан. Сондықтан жаңа ойын аймағы аймақтың туристік экожүйесінің бөлігі ретінде қарастырылады. Бұл туристік қызметтердің ауқымын кеңейтуге және сервистік инфрақұрылымды дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасайды», — деп атап өтті Қуанышбек Мирамбекұлы.
Әкімдікте жобаның іске асырылуы қонақүй бизнесінің, қоғамдық тамақтану саласының, көлік, сауда және басқа да қызметтердің дамуына серпін беретінін, жаңа жұмыс орындарын құратынын, инвестициялар тартатынын және бюджеттің кіріс бөлігін арттыратынын қосты.


