Жазғы аптап ыстықтың қызған шағында дәрігерлер аллергияға ұқсас белгілермен (мұрын бітелуі, түшкіру, жөтел, көздің тітіркенуі) емделуге келген науқастар санының күрт өскенін атап өтуде. Анықталғандай, себеп кондиционердің өзінде емес, оның ішінде жиналған ластануларда екен. Бұл туралы inbusiness.kz moslenta.ru-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Мамандар «кондиционер аллергиясы» деп аталатын құбылыс салқындату жүйесінде жиналатын микроорганизмдер мен аллергендерден болатынын айтады. Дәрігерлер аллергиялық реакцияға ұқсас симптомдары бар науқастардың санының елеулі өскенін байқауда. Негізінен адамдар мұрынның бітелуі, мұрын ағуы, көздің қызаруы, түшкіру, жөтел, кейде бронх демікпесінің ұстамаларына шағымданады. Көпшілік бұл белгілерді басында суық тию немесе маусымдық гүлденуге реакция деп қабылдайды.

Аллерголог Екатерина Чернышованың түсіндіруінше, кондиционердің өзі аллергия тудыра алмайды. Қауіпті – уақыт өте келе салқындату жүйесінде жиналатын ластанулар. Құрылғының ішінде бактериялар, зең саңырауқұлақтары көбейіп, шаң жиналуы мүмкін, ал шаңда көбіне үй кенелері мекендейді – олар ең көп таралған тұрмыстық аллергендердің бірі.

Мұндай проблемаларға әсіресе жұмыс уақытының көп бөлігін үздіксіз жұмыс істейтін кондиционерлері бар бөлмелерде өткізетін кеңсе қызметкерлері жиі ұшырайды. Ең жиі кездесетін шағымдар – мұрын шырышты қабығының ісінуі, түшкіру, жөтел және тыныс алу жолдарындағы ыңғайсыздық.

Мұндай реакциялардың қаупін азайту үшін дәрігерлер климаттық техникаға үнемі күтім жасауды ұсынады. Кондиционердің сүзгілерін екі-төрт апта сайын тазалап тұру керек. Сонымен қатар, бөлмеде ауаның оңтайлы ылғалдылығын – 40–60% деңгейінде ұстау және таза ауа ағынын қамтамасыз ету үшін бөлмені үнемі желдетіп тұру маңызды.

Мамандар кондиционерге уақтылы күтім жасау оның қызмет ету мерзімін ұзартып қана қоймай, денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін аллергендер мен басқа микроорганизмдердің пайда болу ықтималдығын төмендететінін ескертеді.