Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегі індетіне байланысты ахуал күрт нашарлады: қаза тапқандар саны 3779 адамға жетті, ал расталған жұқпа жағдайларының жалпы саны 7820-ны құрайды. Ең ауыр жағдай Солтүстік Киву провинциясында қалыптасты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Reuters агенттігінің мәліметінше, халқы екі миллион Бутембо қаласында емдеу орталықтары лық толы, ауыр халдегі науқастар бос төсек таба алмай отыр.
«Соңғы екі аптада сырқаттанушылар санының күрт өскенін байқап отырмыз. Кейде өзінде Эбола бар екенін білетін, бірақ ауруханадан төсек таба алмайтын науқастар кездеседі», — деп келтіреді басылым «Дәрігерлер шекарасыз» халықаралық медициналық қайырымдылық ұйымы жобасының үйлестірушісі Стефани Хоффманнның сөздерін.
Қала билігі сұраныстың артуына байланысты қосымша тағы екі медициналық орталық ашты, алайда кейбір науқастар соншалықты ауыр халде келіп түседі, дәрігерлер оларға енді көмектесе алмайды.
Хоффманнның айтуынша, бірнеше күн бұрын оның көзінше 10 жасар бала көз жұмды — ол клиникадан орын күтіп, қабылдау бөлімінде қайтыс болды.
Алдыңғы шептегі медицина қызметкерлері ауру жағдайлары жаңа әрі жеткілікті дайындығы жоқ аудандарда әлі де тіркеліп жатқанын атап өтті.
«Кейбір Эболаны емдеу орталықтары науқастарды азырақ қабылдайды деп, індет бақылауда деп ойлау қате болар еді. Індет азайып жатқан жоқ, ол таралып барады», — деді «Дәрігерлер шекарасыз» ұйымының төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестірушісі Энтони Кергосьен.
Бұған дейін «Курсив» Конго ДР-да клиникалық сынақтар үшін Эболаға қарсы вакцинаның 20 000 дозасы бөлінгенін жазған болатын.


