Миым, неге ашисың?
Ой түбіне жете алмай,
Жүректі тырнап қасисың.
Көзім, неге таласың?
Үмітсіз қарап барасың.
Түтінің жоқ, отың жоқ,
Тұншығып кеудем жанасың.
Иығым неге басыңқы?
Түсім неге қашыңқы?
Өзімнен-өзім салбырап,
Етек-жеңім шашыңқы.
Жау талаған ойыңды,
Көтермейсің бойыңды.
Тұрмыстың ұзын құрығы
Бұрды ма түсіп мойынды.
Бейхабар жатыр ата-анам,
Көре алмай көзім қала ма?
Барғаның сәлем дегейсің,
Қаралы болған анама.
Он тоғызда жасыма,
Қасірет түсті басыма.
Көре алмай қалсақ арманда,
Уайымдап бізді жасыма.

