Қазақстанның Конституциялық соты тәрбиелік қызмет атқаратын қызметкермен еңбек шартын оның жұмысын жалғастыруға сыйыспайтын әдепсіз қылығы үшін бұзуға жол беретін Еңбек кодексінің нормасын конституциялық тұрғыдан тексерді. Істі қарауға мектептің педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесінің шешімімен жұмыстан шығарылған әйелдің шағымы себеп болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өтініш беруші кеңес шешімімен келіспей, оны келісім комиссиясы мен соттар арқылы даулауға тырысқан, алайда қабылданған сот актілері өзгеріссіз қалды.
«Өтініш берушінің пікірінше, әдепсіз қылықтың нақты құқықтық белгілері мен объективті өлшемдерінің болмауы норманы қолдану кезінде кең пайымдауға жол береді және оның еңбек етуге және сот қорғауына құқығын бұзады», — делінген сот хабарламасында.
Конституциялық сот заңнамада тәрбиелік қызмет атқаратын қызметкерлердің адамгершілік мінез-құлқына қойылатын талаптардың қазірдің өзінде көзделгенін атап өтті. Атап айтқанда, сөз педагогикалық әдеп ережелері мен оларды бұзғаны үшін жауапкершілік туралы болып отыр.
Сонымен қатар сот әдепсіз қылық ұғымының неге толық анықтамаға ие бола алмайтынын түсіндірді.
«Әдепсіз қылық» ұғымы өз табиғаты бойынша бағалау сипатында, сондықтан оның мазмұнын әрекеттердің жабық тізбесі арқылы толық ашу мүмкін емес. Қылықты бағалау нақты істің мән-жайын, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және кәсіби контексті ескеруді көздейді. Сот қолданылып отырған ұғым нақты мән-жайларды ескере отырып қолдануға мүмкіндік беретін нормативтік айқындылыққа ие деген қорытындыға келді. Сот өтініш берушінің өз құқықтарын қорғаудың заңда көзделген тетіктерін пайдаланып, келісім комиссиясына және соттарға жүгінгенін атап өтті», — деп қосты сотта.


