Қостанай облысының тұрғыны инвестициядан жоғары табыс уәдесіне сеніп, интернет-алаяқтардың құрбаны бола жаздады. Ер адам алаяқтарға миллион теңгеден астам ақша аударып, «инвестицияны» жалғастыру үшін көлігін кепілге қоюға бел буған. Алайда танысы уақытында алдауды байқап, полицияға хабарлаған, деп хабарлайды infohub.kz.
Оқиға Қостанай облысында болған. «102» арнасына интернет-алаяқтықтың ықтимал фактісі туралы хабарлама түскен. Анықталғандай, жергілікті тұрғын инвестициядан жоғары табыс табу ұсынысына қызығып, жалған инвестициялық платформаға тіркеліп, белгісіз тұлғаларға 1 миллион теңгеден астам ақша аударған. Одан кейін жалған қаржы кеңесшілері комиссия төлеу және пайда алу қажеттігін алға тартып, қосымша ақша аударуды талап еткен.
Қажетті соманы табу үшін ер адам 1,4 миллион теңгеге бағаланған көлігін кепілге қоюды шешкен. Алайда оның ниетін білген танысы алаяқтықтан күдіктеніп, дереу полицияға хабарлаған. Қостанай облысы ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, ер адамға инвестициялық алаяқтықтың механизмін түсіндіріп, одан әрі ақша аударудан бас тартуға көндірген.
Танысының сақтығы мен полицияның уақтылы әрекетінің арқасында 1,4 миллион теңге көлеміндегі қосымша қаржылық шығынның алдын алу мүмкін болды.


