Қостанай облысында жолаушылар пойызында ұсақ бұзақылық жасаған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол 86 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Бейімбет Майлин ауданының сотында ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі) туралы іс қаралды.

Сот тергеуі барысында 2026 жылғы 6 қыркүйекте сағат 21:00 шамасында Бейімбет Майлин ауданы аумағымен жүріп өткен жолаушылар пойызында масаң күйдегі жолаушы балағат сөздер айтқаны анықталды. Ол қоғамдық орында осындай әрекеттерімен қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, айналасындағыларға ашық құрметсіздік көрсеткен.

Сот отырысында ер адам кінәсін мойындады. Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларды — кінәні мойындауды және кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді. Жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде сот әкімшілік құқық бұзушылықтың масаң күйде жасалғанын ескерді.

Сот қаулысымен ер адам әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.