Прокуратура Қостанайдағы тұрғын үйдің ауласында полицейді аяусыз соққыға жығу туралы қылмыстық істі сотқа жолдады. Айыпталушылар үшеуі де сот алдына шығады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға 28 наурыз таңертең Береке шағын ауданында болған. Мессенджерлерде тараған ақпарат бойынша, бір топ жас жұртшылық тәртібін бұзғаны үшін ескерту жасаған тәртіп сақшысына шабуыл жасаған.
Полицейлер күдіктілердің барлығын оқиға орнынан жедел анықтап, ұстаған. Билік өкіліне шабуыл жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот үш айыпталушыны екі айға қамауға алуға санкция берген.
«Алау» телеарнасының хабарлауынша, Қостанай прокуратурасы полиция қызметкеріне зорлық-зомбылық көрсеткен үш адамға қатысты қылмыстық істі сотқа жолдаған. Сотқа дейінгі тергеу материалдарына сәйкес, оқиға тұрғын үйдің ауласында болған.
«Үш айыпталушы масаң күйде болып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Полицей оларға ескерту жасаған, содан кейін ер адамдар агрессия танытып, оған зорлық көрсеткен. Полиция қызметкері дене жарақаттарын алған. Айыпталушылардың әрекеттері «Өміріне немесе денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылықты билік өкіліне оның қызметтік міндетін атқаруына байланысты қолдану» бабы бойынша сараланған», — делінген прокуратура хабарламасында.
Бұл баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Қостанай облысы прокуратурасы сот процесі ашық өтетінін және іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайтынын нақтылады.


