Қостанайдағы саяжай қоғамдарының бірінде ірі өрт шығып, жарылыс қаупі төнді. Құтқарушылар жанып жатқан үйден бес газ баллонын алып шықты, деп хабарлайды infohub.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 112 пультіне түскен. От мансардты тұрғын үй мен саяжай үйін шарпыған. Өрттің жалпы ауданы 150 шаршы метрді құрады.
«Оқиға орнына келген ТЖМ қызметкерлері ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қауіпті аймақтан көлемі 27 литрлік төрт газ баллоны мен бір 50 литрлік баллонды алып шықты», — делінген ТЖМ хабарламасында.
Өрт толығымен сөндірілді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Өрттің шығу себебін мамандар анықтап жатыр.
Бұған дейін «Курсив» басылымы Астананың Байқоңыр ауданындағы базарлардың бірінде тандыр самсасын дайындайтын бөлмеде жарылыс болғанын жазды. Салдарынан төрт адам, соның ішінде бір бала жарақат алған.


