Қостанай облысында үстеме жұмыс уақыты, демалыс және мереке күндеріндегі еңбек ақыны төлеуге қатысты еңбек дауы медиативтік келісімге қол қоюмен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Қарабалық аудандық соты ЖШС-ке қарсы үш дүкен сатушысының азаматтық ісін қарады. Әйелдер жұмыс берушіден үстеме жұмыс уақыты, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін төленбеген жалақыны, сондай-ақ пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы мен моральдық зиянды өндіріп алуды талап етті.
Істі қарау барысында талапкерлер ЖШС-ке тиесілі дүкенде сатушы болып, 8:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істегені анықталды. Жұмыс беруші оларды жүйелі түрде үстеме жұмысқа, сондай-ақ демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа тартқан, алайда нақты жұмыс істеген уақыт үшін төлем толық көлемде жүргізілмеген. Сонымен қатар, жұмыстан босатылған кезде оларға пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы төленбеген.
Татуластыру рәсімдері аясында судья-медиатор тараптарға Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңында көзделген дауды бейбіт жолмен реттеудің артықшылықтарын түсіндірді. Нәтижесінде тараптар өзара тиімді ымыраға келіп, медиативтік келісім жасасты. Келісім шарттары бойынша талапкерлер талап қою сомасын әрқайсысы 500 мың теңгеге дейін азайтты, ал жауапкер белгіленген мерзімде көрсетілген сомаларды төлеуге міндеттенді.
Сот ұйғарымымен медиативтік келісім бекітіліп, азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.


