Қостанай облысының облыстық төтенше резервінен төтенше жағдай режимі енгізілген аудандардағы су тасқынының зардаптарын жоюға 2,4 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қаражат халыққа келтірілген залалды өтеуге, біржолғы әлеуметтік көмек төлеуге, сондай-ақ зардап шеккен елді мекендердегі жол инфрақұрылымы мен электрмен жабдықтауды қалпына келтіруге жұмсалды. Ең көп қаражат Арқалық қаласына — 880 млн теңге, Қостанай ауданына 419 млн, Амангелді ауданына 351 млн, Жангелді ауданына 316 млн, ал облыс орталығына 300 млн теңге бөлінді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен Арқалық қаласында пәтер сатып алуға 405 млн теңге көлеміндегі алғашқы транш бөлінді. Бұл қаражатқа 27 пәтер сатып алынды.

Өлген мал үшін өтемақы 780 басқа төленді. Жалпы су тасқынынан 980-нан астам мал басы қырылды.

Әлеуметтік көмек 1 736 өтініш бойынша 640,9 млн теңге сомасында төленді. Амангелді ауданында барлық 317 өтініш өңделді, басқа аудандарда жұмыс жалғасуда. Өтініштерді қабылдау және төлемдер тоқтатылған жоқ. Қазіргі уақытта зардап шеккен тұрмыстық техника мен жиһазды бағалау бойынша есептер дайындалуда, одан кейін халыққа залалды өтеу басталады.

Еске сала кетейік, су тасқыны Қостанай облысына 25 наурызда келген еді. Алдымен Арқалық маңындағы ауылдар су астында қалды, кейін Жангелді және Амангелді аудандарының елді мекендері зардап шекті — 28 наурызда ол жерде төтенше жағдай режимі енгізілді. Кейінірек Қарасу, Қостанай аудандары мен Қостанай қаласында да төтенше жағдай жарияланды.

Бұған дейін Екідін ауылында су тасқынынан баспанасынан айырылған 24 отбасы Арқалықта алғашқы пәтерлерін алған болатын.