Краковтағы базар алаңында болған атыстан алты адам қаза тауып, 15 адам жарақат алды. Жергілікті полицияның әлеуметтік желідегі хабарламасына сәйкес, сағат 15:00 шамасында алаңға көлікпен кірген ер адам көлігінен кездейсоқ адамдарға оқ ата бастаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, қаруланған адам — жалғыз әрекет еткен Польша азаматы. Ол жақын маңда полициямен болған атыс кезінде жарақат алып, ұсталды. Куәгерлердің айтуынша, ол әскери үлгідегі киім киген және ұзын әскери қару түрін пайдаланған.

Жарақат алғандардың қатарында екі полицей бар, оның біреуі күдіктімен атыс кезінде үш рет оқ тиіп, ауыр жарақат алған. Қаза тапқандар — төрт әйел және екі ер адам.

Оқиға Польшаның екінші үлкен қаласы саналатын Краковтың басты базар алаңында болды, ол — туристер көп келетін танымал орын. Краков қалалық көлік компаниясының хабарлауынша, сағат 15:00 шамасында трамвай жүргізушісі негізгі алаңның жанынан өтіп бара жатқанда, қозғалыстағы көліктегі ер адам оның көлігіне оқ атқанын хабарлаған. Трамвай жүргізушісі кабинасының терезесі сынған.

Премьер-министр Дональд Туск атыс туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының полиция мен өрт қызметіне сілтеме жасаған алғашқы хабарларынан кейін растады. Ол әлеуметтік желіде: «Ішкі істер министрі мені Краковтағы жағдай туралы, қайғылы атыстан кейінгі ахуал жөнінде хабардар етіп отыр», — деп жазды. Сондай-ақ ол полиция шабуылдың себептері мен барлық мән-жайын тергеп жатыр деп қосты.

Кешке қарай үкімет өкілі Адам Шлапка әлеуметтік желіде: «Бүгінгі Краковтағы оқиға бүкіл Польшаны дүр сілкіндірді», — деп жазды. Оның сөзінше, премьер-министр Дональд Туск Краковқа бет алды.

Әділет министрі Вальдемар Журек әлеуметтік желіде биліктің бұл қылмысты жасаған адамның толық жауапкершілікке тартылып, қатаң жазалануын қамтамасыз ететінін жазды.

Польша президенті Кароль Навроцкий Краковтағы қайғылы оқиғалар туралы хабарларға қатты алаңдап отырғанын білдіріп, қаза тапқандар мен жарақат алғандарға, олардың отбасыларына қолдау білдірді.

Хабарларға сәйкес, ішкі істер министрі оқиға орнына аттанып кеткен.

Биылғы жылдың басында Euronews агенттігі Польшада заңды түрде иеленетін қару саны алғаш рет 1 миллионнан асқанын хабарлаған болатын. Басылым сілтеме жасаған полиция статистикасына сәйкес, 2025 жылы Польша рекордтық 50 700 қару рұқсатын берген, ал 2025 жылы тіркелген қолданыстағы рұқсаттар саны 2015 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан.