Тамыз айында банктер жеке тұлғаларға берген кредиттер бойынша орташа өлшенген сыйақы мөлшерлемесі 0,3 пайыздық тармаққа өсіп, 21,9%-ға жетті. Осылайша, қазақстандықтар үшін кредиттер екі ай қатарынан қымбаттап, қазіргі деңгей мамыр айынан бергі ең жоғары көрсеткіш болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ал бизнеске арналған қаржыландыру біршама арзандады: корпоративтік кредиттер бойынша орташа өлшенген мөлшерлеме 19,3%-ды құрап, өткен аймен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа төмендеді. Бұл деректерді Қазақстан Ұлттық банкі келтіріп отыр.
Мерзімдерге қарайтын болсақ, жеке тұлғалар үшін ең қымбат кредиттер 1 айға дейінгі және 1 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімдегілер – 24,5%. Соңғылары бойынша орташа мөлшерлеме ай ішінде 0,3 п.т. аздап төмендеді. 1-3 ай мерзімде мөлшерлеме өзгеріссіз қалды – 19%, ал 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзімде 0,3 п.т. өсіп, 22,4%-ға жетті.
Корпоративтік кредиттер сегментінде динамика басқаша болды. 1 айға дейінгі және 1-3 ай мерзімде бизнеске арналған кредит мөлшерлемелері өзгеріссіз қалды – сәйкесінше 20,1% және 19,8%. 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзімде мөлшерлеме 18,6%-ға (0,3 п.т.) төмендеді. 1 жылдан 5 жылға дейінгі бизнес кредиттері бойынша тамызда ең жоғары мөлшерлеме байқалды – 22,8% (ай ішінде 0,2 п.т. төмендеу).
Шілде айының соңында экономикадағы ақшаның құнын көрсететін және төмендеген кезде ақша, демек кредиттеу де арзандайтын базалық мөлшерлеме 16,75%-ға дейін төмендетілген болатын. Қыркүйек айының басында ол 16,25%-ға дейін төмендетілді.
Ұлттық банк бұған дейін корпоративтік кредиттер бойынша мөлшерлемелер әдетте базалық мөлшерлемеге ілесе түзетілетінін, ал тұтыну және ипотекалық мөлшерлемелер осы сегменттердің ерекшелігіне байланысты әлсіірек әрекет ететінін атап өткен.
Мүмкін, банктер жеке тұлғаларға кредит құнын төмендетуге асықпай, керісінше, реттеушінің кредиттеу кезінде қаражатты резервтеуге қоятын талаптарының қатаңдауына байланысты оны қымбаттатып отырған болар.
Бұған дейін сарапшы Айгерім Ілиясова базалық мөлшерлеменің төмендеуі кредиттердің автоматты түрде арзандауын білдірмейтінін атап өткен. Олар бойынша мөлшерлемелер біртіндеп төмендейді, бірақ бұл ретте салыстырмалы түрде жоғары болып қала береді. Қаржыгердің айтуынша, Ұлттық банк кредиттеу мен тұтынушылық сұранысты тежеу және сол арқылы бағаға қысымды азайту үшін жоғары базалық мөлшерлемені сақтап отыр.


