Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің ядролық қару қолдануы мүмкін деген Еуропа мемлекеттерінің алаңдаушылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

РИА Новости агенттігінің мәліметінше, Еуропа елдері Ресейді ядролық соққы жасау жоспарын әзірлеп жатыр деп күдіктенеді. Кремль өкілі Мәскеуде мұндай жоспар жоқ екенін растады.

«Бұл тақырыпты айналдыра алып, дүрбелеңді Еуропалықтар өздері тудырып отыр. Біз оларды эмоцияға берілмей, жағдайға объективті баға беруге шақырамыз», — деді Ресей басшысының баспасөз хатшысы.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, ядролық қаруды қолдану шарттары Ресейдің доктриналық құжаттарында нақты жазылған, оларда ең алдымен аумақтық тұтастықты қорғау туралы айтылады. Бұл туралы Песков «Валдай» халықаралық пікірталас клубының XXIII жылдық кездесуі аясында журналистерге айтты.

Бұған дейін Ресейдің Ирландиядағы елшілігі Калининградты оқшаулау әрекеті болған жағдайда НАТО елдеріне қарсы ядролық қару қолдануға дайын екенін мәлімдеген. НАТО Бас хатшысы Марк Рютте альянстың Ресей Федерациясынан ескерту алғанын растады.

Оған дейін Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу Еуропаға шабуыл жасауға ниетті емес екенін айтқан. Сонымен қатар ол Ресейге шабуыл жасалған жағдайда еуропалық елдерге «қысқа соғыспен» қорқытқан.

Сондай-ақ НАТО-ның Ресеймен соғыс жағдайына арналған жоспар дайындағаны белгілі болды.