Кремль Ресейдің Иркутск облысында оба індетінің өршуі мүмкін деген хабарламаларға қатысты пікір білдірді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 5 қазандағы брифингте тек Роспотребнадзордың деректеріне сүйенуге және аймақтағы ахуалға қатысты тараған қауесеттерге сенбеуге шақырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Осы салада құзыретті бас ведомство — Роспотребнадзор. Әртүрлі қауесеттер мен әңгімелерге құлақ аспай, дәл сол Роспотребнадзордың ресми мәлімдемелеріне сүйену керек», — деді Песков.

Оба туралы қауесет Иркутск ғылыми-зерттеу обаға қарсы институтының 28 жастағы қызметкері Дарья Шипилова қайтыс болғаннан кейін пайда болды. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ол зертханада оба қоздырғышы салынған пробирканы сындырып алған болуы мүмкін деген нұсқа тарады.

Роспотребнадзор бұл нұсқаны растаған жоқ. Ресми деректер бойынша, қызметкерге этиологиясы анықталмаған пневмония диагнозы қойылған. Зерттеулер оның кәсіби қызметіне қатысты микроорганизмдерді анықтаған жоқ, ал институтта патогендермен жұмыс кезінде ешқандай апат тіркелмеген.

Қызметкер қайтыс болғаннан кейін билік бірқатар эпидемияға қарсы шаралар қабылдады. Онымен байланыста болған 200-ге жуық адам медициналық бақылауда. Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзевтің айтуынша, оларда аса қауіпті инфекцияның белгілері табылмаған.

Ресейдегі ахуал ірі шетелдік БАҚ-тың назарын аударды. Обаға қарсы институт қызметкерінің қайтыс болуы және одан кейінгі карантиндік шаралар туралы Reuters, Associated Press, Financial Times, The Guardian, The Washington Post және басқа да басылымдар жазды. Бұл ретте шетелдік БАҚ ресейлік биліктің «оба» диагнозын растамағанын, алайда болған оқиғаның көптеген мән-жайы әлі де түсініксіз екенін атап өтеді.

АҚШ та болып жатқан жағдайды қадағалап отыр. Дональд Трамп әкімшілігінің өкілі Axios-қа Ақ үйдің ықтимал індет туралы хабарламалардан хабары бар екенін, ахуалды бақылап, одан әрі қабылдануы мүмкін шараларды бағалап жатқанын мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ахуал назар аударуды қажет ететінін, бірақ әзірге алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.

Бұған дейін «Курсив» оба індетінің ықтимал өршуі туралы қауесет обаға қарсы институт қызметкерінің қайтыс болуы мен Иркутск облысындағы медициналық мекемелердегі карантиннен кейін пайда болғанын жазған еді.

Сонымен қатар оба туралы қауесетке байланысты дүрбелең Қазақстанға да жетті. Кеше Дезінформацияға қарсы күрес орталығы 21 қыркүйекте Алматыдағы Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығында болған өртті Ресейдегі оба жағдайы туралы ресми расталмаған қауесетпен манипулятивті түрде байланыстыру әрекеттері туралы ескертті.