Кремль Украинаның энергетикалық нысандарына соққы беру мәселесіне қатысты пікір білдірді. АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған энергетикалық бітімге қарамастан, мұндай соққылар жалғасып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей мен Украина арасындағы энергетикалық бітім туралы уағдаластықтар «әзірге нақтылана қоймағанын» мәлімдеді. Ол журналистің Ресей Қорғаныс министрлігінің Украинаның энергетикалық нысандарына соққы бергені туралы хабарламалары Мәскеудің энергетикалық бітім идеясына көңілі толмайтынын білдіре ме деген сұрағына осылай жауап берді.
«Энергетикалық бітімнің шекарасы қалай белгіленген, бұл нені білдіреді? Бұл нақтыланды ма?» — деп сұрады Песков журналистерден. Ол теріс жауап естіген соң, Кремль өкілі: «Сіз толықтай дұрыс айтасыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», — деп қосты.
Еске салайық, жақында АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина энергетикалық бітімге келіскенін хабарлаған болатын. Кейінірек Владимир Зеленский Ресейді энергетикалық бітімді бұзды деп айыптады.
Ал бүгін Зеленский Киевте, Киев облысында және Харьковте энергетикалық және аса маңызды инфрақұрылым нысандарына 39 баллистикалық зымыран мен 120-дан астам соққы беруші дрон және ұшқышсыз жауынгерлік аппарат қолданылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей «бұрын-соңды АҚШ-қа мұншалықты айқын құрметсіздік танытпаған».


