Кремль Украина президенті Владимир Зеленскийдің президенттік сайлауды 60 күндік бітім жағдайында өткізу туралы ұсынысына пікір білдірді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеудің уақытша атысты тоқтатуды емес, ұзақ мерзімді бейбітшілікті жақтайтынын еске салды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Біз бітімге келуді емес, ұзақ мерзімді бейбітшілікті қалаймыз және ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз», — деді ол.

abzatz.media хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы президент сайлауы күні әскери нысандарға соққы беруге тыйым салу туралы бұйрық беруге дайын. Бұл туралы Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді. Ол мұндай шешім Киев режимі дауыс беруге келіскен жағдайда ғана қабылданатынын атап өтті.

«Егер Киевте сайлау өткізгісі келсе, Ресей Федерациясының президенті, Жоғарғы Бас қолбасшысы сайлау күні Украинаға соққы бермеуге нұсқау беруге дайын. Дәл сайлау күні... Шын мәнінде Киевте сайлау өткізгісі келмейді. Бұл анық», — деді Кремль өкілі журналистерге.

Сонымен қатар, АҚШ көшбасшысы Дональд Трамп жариялаған Ресей мен Украина арасындағы ықтимал энергетикалық бітімге қатысты байланыстар жалғасуда, деді Песков. Ол келісімге қол жеткізілген-жеткізілмегенін және оның қандай шарттармен әрекет ететінін нақтыламады. Сондай-ақ ол бұл тек мұнай өңдеу зауыттарына ғана қатысты ма, әлде басқа энергетикалық нысандарға да тарала ма, оны түсіндірмеді.

Баспасөз хатшысы барлық ақпарат кейінірек берілетініне сендірді.

«Осы тақырыпта айтарымыз болған сайын, сіздерді міндетті түрде хабардар етеміз», — деді ол.

Песков сондай-ақ Мәскеудің бағамы бойынша еуропалық елдер бейбіт реттеуге кедергі келтіріп отырғанын, ал американдық келіссөз жүргізушілердің күш-жігерін ресейлік тарап оң бағалайтынын мәлімдеді.

«Еуропалықтар бейбітшілік партиясына, бейбіт реттеуге жол іздейтін партияға жатпайтыны анық. Еуропалықтар — бұл соғысты тоқтатпау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды жалғастырып жатқан соғыс партиясы. Бізге американдық келіссөз жүргізушілердің күш-жігері әлдеқайда ұнайды», — деді баспасөз хатшысы.

Сөзін жалғастыра отырып, ол ресейлік тарап бұл жерде «ырың-жырың іздемейтінін», керісінше, бейбіт реттеуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін шаралар мен шешімдерге мүдделі екенін атап өтті.