Қазақстандағы алғашқы лицензияланған криптоайырбастау орталығы Pax Finance миллиардер Вячеслав Кимге тиесілі Alatau City Bank мобильді қосымшасымен интеграцияланғанын хабарлады. Осының арқасында банк клиенттері Pax Finance платформасындағы шотын банк картасы арқылы тікелей қосымшадан толтыра алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Компаниядағылардың айтуынша, пайдаланушыларға енді үшінші тарап сайттарына өтудің немесе деректемелерді қолмен енгізудің қажеті жоқ. Шотты толтыру банк экожүйесінің ішіндегі интеграцияланған сервис арқылы жүзеге асады. Барлық операциялар клиенттерді сәйкестендіру және тексеру рәсімдерін сақтай отырып, лицензияланған платформа арқылы өтеді.

Pax Finance бас директоры Аслан Беіспеков интеграция Қазақстанда цифрлық активтер үшін заңды инфрақұрылымды дамыту стратегиясының бөлігі екенін айтты.

«Біз мемлекет басшысының Қазақстанды Орталық Азияның крипто-хабына айналдыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырып жатырмыз. Alatau City Bank-пен интеграция – цифрлық активтермен жұмыс істеу үшін барынша ыңғайлы және заңды инфрақұрылым құру стратегиямыздың бір бөлігі», – деді ол.

Алғашқы кезеңде пайдаланушылар фиат ақшаны цифрлық активтерге жылдам аудара алады. Келесі қадамда компания екі бағытта да операциялар уақытын қысқарту үшін қаражатты жылдам шығаруды іске қосуды жоспарлап отыр.

Еске салайық, шілде айының басында Ұлттық банк Pax Finance-ке Қазақстан тарихындағы алғашқы криптоайырбастау орталығы лицензиясын берді. Ол компанияға цифрлық активтерді ресми түрде сатып алуға, сатуға және сақтауға, сондай-ақ бөлімшелер ашуға және криптоматтар орнатуға мүмкіндік береді.

Pax Finance 2026 жылдың мамырында Астанада тіркелді. Оның құрылтайшылары қатарында – қаржыгер әрі Finmentor.kz Telegram-арнасының авторы Арман Батаев, Қазақстандағы криптоиндустрияның алғашқы қатысушыларының бірі Азат Бекмағамбетов және кәсіпкер Орынгул Есжанова бар.

Alatau City Bank-ті Kaspi.kz тең иесі Вячеслав Ким бақылайды. Forbes бағалауы бойынша, оның байлығы $7,8 млрд құрайды, бұл оны Қазақстандағы ең бай кәсіпкер етеді.