19 шілдеде Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы ВПУ-1 және ВПУ-3 сыртқы айлақ құрылғыларында тиеу жұмыстары кезінде екі мұнай танкері ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады. Бұл туралы infohub.kz хабарлады.
ҚҚК мәліметінше, шабуылға «Тенгизшевройл» («Шеврон») компаниясының мұнайын тасымалдаған «ASIA» танкері және «Кашаган Б.В.» мен «Матен» («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ) компанияларының мұнайы жүктелген «NISSOS IOS» танкері ұшыраған. Бұл кемелер тиісінше Либерия мен Маршалл аралдарының туы астында жүзеді, экипаждар халықаралық.
Шабуыл салдарынан «ASIA» танкерінде өрт шықты. ҚҚК-нің авариялық-құтқару күштерінің көмегімен өртті сөндіруге қол жеткізілді. Тиеу жұмыстары тоқтатылды.
ҚҚК компания қызметкерлері, мердігер ұйымдар мен экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Мұнай төгілуіне жол берілмеген, экипаждар медициналық көмек сұрамаған. Екі танкер де су үстінде қалды, мамандар келтірілген зақымды бағалап жатыр.
Компания болған оқиғаны ҚҚК-нің азаматтық нысандары мен теңіз терминалы акваториясындағы кемелерге жасалған шабуыл деп бағалайтынын мәлімдеді. Консорциумның ақпаратына сәйкес, бұл – тек азаматтық мақсаттағы және халықаралық құқық қорғауындағы ҚҚК нысандарына жасалған тікелей шабуылдың бесінші жағдайы.
Каспий құбыр консорциумы Ресей, АҚШ, Қазақстан және бірқатар еуропалық елдердің отын-энергетика кешенінің ірі кәсіпорындарын біріктіреді.
ҚҚК Қазақстанның ірі кен орындары – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан мұнай тасымалын қамтамасыз етеді. 2025 жылы жүйе арқылы шамамен 70,5 млн тонна мұнай өткізілді, оның 75%-дан астамы шетелдік жүк жөнелтушілерге тиесілі, олардың ішінде «Тенгизшевройл» («Шеврон»), «ЭксонМобил», «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Эни» және «Шелл» бар.


