Қазақстан Энергетика министрлігі 19 шілдеде Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында мұнай тиеу кезінде «ASIA» және «NISSOS IOS» танкерлеріне жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Бұл кемелер Қазақстанда өндірілген мұнайды тиеп жатқан еді. Танкерлер бортында халықаралық экипаждар болды», — деп растады ведомство.
Шабуыл салдарынан кемелерде өрт шығып, экипаж күшімен жедел сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. ВПУ-1 және ВПУ-3 сыртқы бекіту құрылғылары зақымданбаған, мұнай төгілуіне жол берілмеген.
«Қазіргі уақытта терминалда мұнай тиеу оқиғаның салдарын бағалау аяқталғанша тоқтатылды. Мұнай тиеуді қайта бастау туралы қосымша ақпарат келіп түскен сайын берілетін болады», — деп қосты министрлік.
Энергетика министрлігі мұндай шабуылдарды сыни энергетикалық инфрақұрылымның таза азаматтық нысандарына қарсы жасалуын жол берілмейтінін атап өтті. «Халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына қандай да бір күш қолдану жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке тәуекел туғызады, энергетикалық ресурстармен үздіксіз халықаралық сауда тетіктерін бұзады және жобаға қатысушылардың экономикалық мүдделеріне елеулі зиян келтіреді», — деп мәлімдеді ҚР ЭМ.


