Каспий құбыр консорциумының (КТК) Новороссийск маңындағы терминалына ұшқышсыз ұшу аппараттары мен теңіз дрондарының шабуылы салдарынан тағы екі танкер мұнай тией алмады. Бұл терминал арқылы қазақстандық мұнай экспортының 80 пайыздан астамы өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz The Moscow Times-ке сілтеме жасап.
Бейсенбіде түнде екі кеме жүк тиемей терминал ауданынан кетуге мәжбүр болды. Дереккөздердің айтуынша, «Лукойл» компаниясының мұнайын тиеуге арналған HERA танкері шабуыл кезінде зақымданған. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының шикізатын тиеуі тиіс ALATAU танкері зақымданбағанымен, экипажсыз катерлер қаупіне байланысты бағытын өзгерткен.
Кемелерді бақылау жүйесі LSEG дерегінше, HERA 20 шілдеде Босфордан Қара теңізге шыққаннан кейін транспондерін өшірген. Кеме бейсенбі таңертең Новороссийскіге жетуді жоспарлаған. 19 шілдеден бері терминалға бет алған ALATAU кейін Стамбул жаққа бағытын өзгертіп, орналасқан жері туралы деректерді де беруді тоқтатқан.
Бейсенбі таңертең тағы екі танкер — SEA AMBER және DELTA IOS — КТК терминалына кіруден бас тартып, Түркия жағалауына бет алған, деп хабарлайды LSEG.
КТК бұл жағдайға түсініктеме бермейді. Ғарыштық суреттер бейсенбі таңертең терминал маңында бірде-бір танкердің болмағанын көрсеткен.
Бұл соңғы айдағы алғашқы оқиға емес. Шілде айында Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озереевкадағы КТК теңіз терминалына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасап, бес танкер зардап шекті. 20 шілдедегі шабуылдардың бірінен кейін консорциум мұнай тиеуді уақытша тоқтатқанын мәлімдеді.
Қазақстан Энергетика министрлігі қазақстандық мұнайдың әлемдік нарыққа тұрақты экспортын тезірек қалпына келтіру үшін шешім іздеу бойынша үздіксіз консультациялар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты болып қала береді. Оның инфрақұрылымы арқылы елдің мұнай экспортының 80 пайыздан астамы, соның ішінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарының шикізаты Оңтүстік Озереевкадағы терминал арқылы танкерлерге тиеледі.


