Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде «Құқық негіздері» пәні қайта міндетті болады. Бұл туралы «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Білім беру бағдарламаларына заң мен тәртіп құндылықтарын енгіземіз. Мәселені ашық айтуымыз керек: қазір оқушылар арасында құқықбұзушылық әрекеттері көбейіп келеді. Мұның себебіне үңілдік. Сөйтсек соңғы жылдардағы кейбір реформалардың салдары байқалатындай. Мысалы, 2022 жылдан бастап жоғары сыныптарда бірқатар пәндер таңдау пәніне айналған. Оның арасында «Құқық негіздері» де бар. Соның салдарынан көптеген оқушы бұл пәнді таңдамаған, яғни оқымаған. Демек, олар заң алдындағы жауапкершілікті толық түсінбей өсіп келеді. Бір жылда жүз мыңдаған түлек оқу бітіретінін ескерсек, қаншама оқушы құқық пен заң ұғымынан алшақтап кеткенін бағамдауға болар. Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап «Құқық негіздері» пәнін қайтадан міндетті пән ретінде енгіземіз. Бұған қоса, 5–7-сыныптарда «Конституция негіздері» пәні оқытылады. Бұл бастамаға әртүрлі пікір айтылды. Бірақ біздің ұстанымымыз өзгермейді. Бала заңды құрметтеуді сөз жүзінде емес, оның мәнін түсіну арқылы үйренуі керек. Заңға бағынудың, заңды сақтаудың, құқығын білудің маңызын мектептен меңгеруі қажет», — деді министр.