Құлсарыдағы үш көпқабатты үйдің тұрғындары су басқан жертөлелерде пайда болған жыландарға шағымдануда. Адамдар балаларынан қауіптеніп, мәселені шешуді талап етуде, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құлсарыдағы «Атырау» шағын ауданындағы 100 пәтерлі үш үйдің тұрғындары жертөлелерде бауырымен жорғалаушыларды байқай бастағанын айтты. Олардың сөзінше, өткен жылғы су тасқынынан кейін үй-жайлар әлі күнге дейін ылғалды, бұл жыландарды тартқан.
Үйлер 2023 жылдың желтоқсанында көпбалалы отбасыларға берілген болатын. 2024 жылдың көктемінде ғимараттар ауқымды су тасқыны аймағына ілікті. Тұрғындар екі айға жуық пәтерлеріне кіре алмай, қайықпен жүрді. Су қайтқаннан кейін жертөлелер тазартылды, алайда ылғалдылық сақталған.
«Міне, қазір жертөле қандай күйде – оны қайтадан су басып кетті. Алдымен сасық иіс пайда болды, содан кейін тышқандар өрбіді. Енді жыландар пайда болды, біз күн сайын үреймен өмір сүріп жатырмыз. Түнде ұйықтамаймыз, балаларымыздан қорқамыз. Егер біреуді жылан шағып алса, кім жауап береді?» – деді үй тұрғыны Гүлназ Қашабаева.
Тұрғындардың айтуынша, бір жыланды суретке түсіру мүмкін болған. Олар жертөледе басқа да бауырымен жорғалаушылар болуы мүмкін деп есептейді, сондықтан олардың пайда болу себебін жоюды сұрайды.
Үйлер жалдамалы тұрғын үй болып табылатындықтан және аудандық ТКШ бөлімінің балансында тұрғандықтан, тұрғындар жертөлелерді ретке келтіру керек деп санайды.
Аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Арман Әбдолов тұрғындардың өтінішінен кейін оқиға орнына ТЖ қызметкерлері барып, табылған жыланды жойғанын хабарлады.
«Жертөлелер тұрғындардың ортақ мүлкіне жатады, сондықтан оларды күтіп ұстау және тазалау – тұрғындардың міндеті», – деп түсіндірді Арман Әбдолов.
Әзірге тараптар мәселені кім шешуі керек деген ортақ пікірге келген жоқ. Тұрғындар мәселе шешілмейінше, жертөлелерде жаңа жыландар пайда болуы мүмкін деп қауіптенеді.


