Ақмола облысындағы Батпакколь көлінде құтқарушылар мас күйінде қамыс арасына кіріп, өзі шыға алмай қалған ер адамды судан шығарып алды. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.
Оқиға туралы хабар 112 қызметіне түскен. Қайықта болған ер адам қамыс жақтан көмек сұраған дауысты естіп, бұл туралы құтқарушыларға хабарлаған.
ТЖМ мәліметінше, 1990 жылы туған ер адамға көмек қажет болған. «Ер адам мас күйінде қамыс арасына кіріп, өз бетімен шыға алмай қалды», — деп хабарлады ведомстводан.
Құтқарушылар оны судан жедел алып шығып, жағаға жеткізіп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды.
ТЖМ су жағасында алкогольді ішімдік ішудің қайғылы салдарға әкелетінін ескертті. «Мас күйінде суға түспеңіздер. Алкоголь зейінді төмендетіп, реакция жылдамдығын баяулатады, судағы жазатайым оқиғалардың қаупін едәуір арттырады. Қауіпсіздік ережелерін сақтап, су жағасында жауапкершілікпен демалуға шақырамыз», — делінген ведомство мәлімдемесінде.


