Хорватия астанасы Загребте өткен дзюдодан Гран-при кезеңінің екінші жарыс күні Қазақстан құрамасы жүлдесіз қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сенбі күні қазақстандықтар арасында ең үздік нәтижені 63 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Эсмигуль Куюлова көрсетті. Ол ширек финалға дейін жетіп, онда канадалық Джессика Климкейтке жол берді. Қазақстандық спортшыны жеңген қарсыласы кейін финалға шыққандықтан, Куюлова жұбаныш раундында белдесу құқығына ие болды.

Онда ол тағы бір жеңіске жетті, алайда қола жүлде үшін белдесуде хорватиялық Ива Оберанға есе жіберіп, тұғырдан бір қадам қалған жерде тоқтады.

Тағы бір қазақстандық дзюдошы Ажар Асхат (70 килоға дейін) жарыстағы өнерін алғашқы белдесуден кейін аяқтады. Ерлер арасында 73 килоға дейінгі дивизионда Бахытжан Абдурахманов 1/16 финалда, ал Данияр Шамшаев 1/8 финалда жарыстан шығып қалды.

Қазақстан құрамасының еншісінде әзірге үш медаль бар: Нурканат Серикбаевтың (66 килоға дейін) алтыны мен Галия Тынбаеваның (48 килоға дейін) және Аман Бакытжанның (60 килоға дейін) қола жүлделері.