2024 жылғы 27 сәуірде белгілі қазақстандық ғалым, профессор Жайлаубай Қыдырбаев дүние салды. Оның қайтыс болғанын Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты растады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ж. Қыдырбаев аталған институтта 30 жылға жуық еңбек етіп, соның 15 жылдан астам уақытында инфекциялық аурулардың алдын алу зертханасына жетекшілік етті. Ол 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы, оның 36-сы жоғары рейтингті халықаралық журналдарда жарияланған. Ғалым 37 өнертабыс пен 24 вакцина нормативтік құжатының тең авторы.

Институттың хабарлауынша, ғалым Қазақстандағы үй құстары мен ауыл шаруашылығы жануарларының қауіпті вирустық ауруларына қарсы вакцина препараттарын өндіруді ұйымдастыруға, сондай-ақ вирусология, эпизоотология, патологиялық анатомия салаларына зор үлес қосқан. Ол республика денсаулық сақтау жүйесі үшін пандемиялық тұмау (A/H5N1 Kazfluvac және A/H1N1 Refluvac) және маусымдық тұмау (Kazfluvir) вакциналарын жасауға атсалысқан. Бұл вакциналар Қазақстан мен Ресейдің ғылыми орталықтарында доклиникалық және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелген. Соңғы жылдары Ж. Қыдырбаев ірі қара мал, ұсақ мал және адам бруцеллезіне қарсы векторлық вакциналарды, сондай-ақ басқа да көптеген вакциналарды әзірлеуге елеулі үлес қосты.

Ғалым 2019 жылы «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 2016 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Ғылым көшбасшысы» тәуелсіз сыйлығының лауреаты.