- 25 қаң. 2019 00:00
- 272
Кир патшаның сақтарға жорығы
Ертеде біздің жерімізде еркіндік сүйгіш сақтар өмір сүрген. Шамамен екі жарым мың жыл бұрын құдіретті парсы патшасы Кир оларды бағындыруды ойлайды. Оның әскерінің тегеурініне ешкім төтеп бере алмайтын. Кирдің жеңімпаздығы туралы дақпырт әлемді шарлап кеткен. Алайда сақтарды бағындырамын деген ойы іске аспай, керісінше, бүкіл әлемге масқарасы шығады. Оқиға былай болған екен.
Кир жақсы қаруланған әскерін сақ-массагеттерді бағындыруға аттандырады. Сақ-массагеттердің падишасы ер жүрек Томирис еді. Кир оған елшісін жіберіп «Маған тұрмысқа шықсын» деген ұсыныс жасайды. Падиша Кирдің ойы өзінде емес, патшалықты иелену екенін түсініп, оң қабақ танытпайды. Ол Кир әскерінің өзеннің арғы бетінде — шекарада тұрғанын білгендіктен, елші жіберіп, кері қайтуын ұсынады. Алайда парсылар өзеннен өтіп, массагеттердің тобына жауыздықпен шабуыл жасайды.
Олар Томиристің ұлы Спаргаписті тұтқынға алады. Падиша тағы да Кирден жерінен кетіп, Спаргаписті азат етуді талап етеді. Бірақ Кир шабуылын жалғастыра береді. Осы кезде бұғаудан құтылған Спаргапис өзіне қол жұмсайды. Ызаға булыққан Томирис Кир әскерін толық талқандайды. Осы шайқаста парсы патшасы Кир өліп, оның 200 мың жауынгері жер жастанады. Падиша Томирис «Іздегенің қан еді, ал іш, ендеше!» деп оның басын қан толтырылған меске батырады.
Парсылар сақтардың еркіндік үшін өз өмірін қиюға әзір екенін түсініп, басқыншылық жорықтарын тоқтатады.