Қырғызстанда жергілікті билік органдарының кемінде алты басшысы қызметінен босатылды. Бұған президент Садыр Жапаровтың жергілікті шенеуніктердің жұмысын сынға алуы себеп болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігі 24.kg-ге сілтеме жасап хабарлағандай, 23 қарашада Қырғызстанда әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған жиналыс өтті. Онда президент Садыр Жапаров жергілікті биліктің қызметін сынға алды. Шенеуніктердің жұмысын мониторингілеу қорытындысы бойынша кейбір өңірлерде кемшіліктер анықталған.

Садыр Жапаров тұрғындардың көптеген шағымына да назар аударды. Оның айтуынша, жергілікті жерде шешілуі тиіс көптеген мәселе шенеуніктердің тиісті назарынан тыс қалып отыр.

Ал 25 қарашада аудандар мен қалалар басшыларының арасында бірқатар қызметтен босату туралы мәлім болды. Осылайша, Жалал-Абад облысының Тоғыз-Тороу ауданының әкімі Нұрлан Эшмукамбет уулу, Ыстықкөл облысының Жеті-Оғыз ауданының әкімі Эрмек Бахавадинов және Нарын облысының Қочқор ауданының әкімі Баялы Досалиев қызметтерінен босатылды.

Сонымен қатар Шу облысының Панфилов ауданының әкімі Бекмаат Масаидов, Қант және Баткен қалаларының мэрлері Ұлан Майлибашев пен Сейтек Кулубаев та қызметтерінен айырылды.

Осылайша, жергілікті билік органдарының кемінде алты басшысының қызметтен босатылғаны белгілі болды. Аталған басшылардың әрқайсысының қызметтен босатылуының ресми себептері әзірге нақтыланбай отыр.