Қырғызстанда діни мазмұндағы ақпаратты жария түрде тарататын блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушылары енді арнайы куәлік алуға міндетті болды. Бұл талап ел заңнамасында бекітіліп, діни тақырыптағы подкаст, бейне және пікір жазатын авторларға да қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңалыққа Қырғыз Республикасының «Дін бостандығы және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңы негіз болды. Онда «діни уағыздаушы» мәртебесі пайда болды. Бұл санатқа енді имамдар мен дін қызметкерлері ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетте сенім туралы ашық сөйлейтін адамдар да кіреді.
Куәлік алу үшін уағыздаушы діни білімін растап, тиісті бірлестіктің келісімін алуы қажет. Мұсылмандар үшін бұл орган — Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы.
Шенеуніктер өзгерістерге интернеттегі діни мазмұнның өсуін себеп етті.
«Бұл туралы подкаст жүргізуді, посттар мен пікірлер жазу, діни саладағы қызметін әңгімелеу немесе уағыз айтуды көздеген барлық блогер мен дін қайраткері білуі тиіс. Бұған дейін олардың білімі тексерілмейтін, сондықтан әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таралуы мүмкін еді», — деді агенттіктің бас маманы Нұрғазы Қырғызбаев.
Сонымен қатар Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасының қызметкерлері автоматты түрде діни уағыздаушылар болып саналады.
Қазақстанда әзірге діни блогерлерге арналған жеке куәлік жоқ. Заң миссионерлік қызметпен айналысатын, яғни дінді тарату мақсатында ілім тарататын адамдардан тіркелуді талап етеді. Ол үшін миссионер куәлігі қажет.
Мысалы, жақында қазақстандық теолог әрі әлеуметтік желілерде танымал имам Нұрлан Байжігітұлы осындай куәлік алғанын айтты. Онымен бірге құжаттарды тағы екі имам алған.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle Қазақстанда Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының рұқсатынсыз уағыз айтатын ислам блогерлерінің жауапкершілігі талқыланып жатқанын жазған.


