Қырғызстан парламенті президенттік сайлауды тағайындау туралы шешімді қашан қабылдайтыны белгілі болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
24.kg басылымының биліктегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, Жогорку Кенештің қыркүйектің алғашқы апталарына арналған алдын ала жұмыс кестесі қалыптастырылған. Осыған орай, алғашқы отырыс 2 қыркүйекте өтуі тиіс. 9 қыркүйекте министрлер кабинетінің кейбір мүшелері ант береді. Ал Қырғызстан президентінің кезекті сайлауын тағайындау туралы қаулыны парламент кезектен тыс емес, кәдімгі отырыста 17 қыркүйекте қабылдауды жоспарлап отыр.
Дереккөздің айтуынша, бұл мерзім заңнама талаптарына сәйкес келеді, оған сәйкес Жогорку Кенеш сайлау күніне кемінде төрт ай қалғанда сайлау тағайындау туралы шешім қабылдауы тиіс.
Бұған дейін Қырғызстандағы кезекті президенттік сайлау 2027 жылдың 27 қаңтарында өтетіні белгілі болған.
Айта кетейік, ел президенті Садыр Жапаров бұған дейін ҰҚК бұрынғы басшысы Камчыбек Ташиевті болашақ мемлекет басшысы ретінде қарастырғанын және 2027 жылғы сайлауға өз кандидатурасын қоюды ойламағанын мәлімдеген еді. Ал жақында Қырғызстан басшысы 2027 жылдың қаңтарында өтетін ел президенттігіне сайлауға қатысатынын ресми растады.


