Қырғызстандағы аномальды ыстық электр энергиясын тұтынудың күрт өсуіне себеп болды. Оның салдарынан Бішкек пен Шу облысының кейбір аудандарында электр қуаты уақытша өшірілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты қырғыздың 24.kg басылымына сілтеме жасап.

Қырғызстанның Ұлттық электр желісінің хабарлауынша, Орталық Азиядағы, соның ішінде Қырғызстандағы тым жоғары температура салдарынан энергожүйеге түскен жүктеме рекордтық деңгейге жетті. Электр желілерінің жабдықтары шамасының шегінде жұмыс істеп тұр, ал кейбір электр беру желілері белгіленген нормадан асып кеткен.

Апаттар мен ауқымды өшірулерді болдырмау үшін энергетиктер реттеу шараларын жүргізуде. Кейбір аудандарда электр қуатын беруде екі сағатқа дейінгі уақытша үзілістер болуы мүмкін.

Ұлттық электр желісі шектеулердің уақытша екенін, жабдықты қорғау, жүйелік ақаулардың алдын алу және электрмен жабдықтау тұрақтылығын сақтау үшін қажет екенін атап өтті.