Guoyou Materials Group компаниясы Каспий теңізінің қазақстандық жағалауындағы Құрық портында көпфункционалды терминал салуға $1 млрд инвестиция салады, деп хабарлайды infohub.kz.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытайлық бизнес өкілдерімен кездесуінде Көлік министрлігі, Маңғыстау облысы әкімдігі және Guoyou Materials Industry Group компаниясы арасында Құрық портындағы көпфункционалды терминалдың бірінші кезегін салуға инвестициялық келісімге қол қойылды.

Guoyou компаниясының басшысымен кездесу барысында Тоқаев жаңа порт біріктірілген теңіз және теміржол логистикасын дамытуға, өңірдің көлік инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның экспорттық және транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Корпорация порттың өткізу қабілетін 15 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Терминал құрылысына салынатын инвестиция $1 млрд құрайды.

«Қазақстан — Қытайдың Еуропаға шығатын маңызды транзиттік дәлізі. Каспий теңізіндегі порттар Еуропаға барар жолдағы жаңа бағыт әрі жаңа өсу нүктесі саналады. Президент Тоқаев Каспий бағытының стратегиялық маңыздылығын бірнеше рет атап өтіп, бұл мәселені Қазақстанда мемлекеттік деңгейге көтерді», – деді Guoyou Materials Group директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боян.

Компания өкілі жобаны жүзеге асыру 800 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізген болатын.