«Қыздар.нет» сайтына қатысты іс бойынша күдікке ілінген Өзбекстан азаматы Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Telegram-арнасында мәлім еткендей, күдікті Өзбекстан азаматы қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадицияланды.
«Тергеу барысында аталған азаматша ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа да мүшелерімен бірге жезөкшелікпен және өзге де жыныстық сипаттағы қызметтермен айналысатын адамдардан «Қыздар.нет» интернет-ресурсында орналастырылған анкеталарының шотын толықтыруға өтінім қабылдағаны анықталды. Олар мұны көрсетілетін жыныстық қызметтерді жылжытып, жарнамалау мақсатында жасаған. Бұл ретте топ мүшелері түскен ақшадан комиссиялық сыйақы ұстап қалып, қалған соманы сайт ұйымдастырушыларына аударып отырған. Осылайша олар жезөкшелікке делдалдықтың құқыққа қарсы схемасының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен», — деп хабарлады Бас прокуратурада.
Айта кетейік, қазір ұйымдасқан қылмыстық топтың бірқатар мүшесі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Ал оның жекелеген мүшелері, соның ішінде күдікті де қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.
«Биыл шілдеде ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі таңда күдікті тергеу изоляторына қамалды», — делінген хабарламада.
Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салайық, маусымда Алматы прокуратурасы «Қыздар.нет» интернет-ресурсының болжамды ұйымдастырушылары ұсталғанын хабарлаған болатын. Соттың санкциясымен олар қамауға алынды. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі «Қыздар.нет» интернет-ресурсын ұйымдастырды деп күдіктелген адамдарды ұстау жөніндегі арнайы операцияның мән-жайын айтты.
9 шілдеде Петропавлда «Қыздар.нет» сайтына қатысы бар қылмыстық топ мүшелеріне үкім шығарылды.
Шілдеде «Қыздар.нет» сайтына байланысты істің болжамды фигуранттарының бірі Грузияда ұсталғаны хабарланған еді. Ұсталған адам сайттың менеджері болуы мүмкін.


