Қызылорда облысында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан күдікті қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Операцияны облыстық ӘФМ департаментінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК департаментімен бірлесіп жүргізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тергеу деректері бойынша, Жаманкөл шатқалында күрделі өнеркәсіптік өңдеуді қажет етпейтін самородок алтын өндірілген. Қатысушылар арасында рөлдер нақты бөлінген: біреулері кеншілерді тартып, өндірісті ұйымдастырса, енді біреулері тасымалдау мен өткізуге жауапты болған, ал үшіншілері қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.

Ведомствоның айтуынша, заңсыз әрекеттерді жасыру үшін айналаға күзетшілер қойылып, мотоциклшілер іргелес аумақты аралап, бөгде адамдар мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің келгенін ескертіп отырған.

Алтын одан әрі өткізу үшін Алматыға жеткізіліп, түскен ақша схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Тінту кезінде 500 грамнан астам алтын құрамды шикізат, 2 бірлік арнайы техника, 12 металл іздегіш, сондай-ақ 6 автокөлік тәркіленді. Сонымен қатар, 2 пневматикалық тапанша мен тегіс ұңғылы мылтық табылды.

Қазіргі уақытта 13 адам қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.