Қызылордада соттар кәмелетке толмаған балалары бар әйелді жылыту маусымында жалдамалы пәтерден шығарудан қорғады. Атқарушылық іс жүргізу суық аяқталғанша тоқтатылды. Бұл шешімді барлық сот инстанциялары мақұлдады, деп хабарлайды NUR.KZ.
Іс материалдарына сәйкес, Қызылордада әйел мен оның балаларын жалдамалы тұрғын үйден шығару туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Мемлекеттік сот орындаушысы жылыту маусымы аяқталғанға дейін тоқтату туралы қаулы шығарды. Бұған келіспей, талапкер — «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ — қаулыны заңсыз деп тануды және оның күшін жоюды талап етіп, сотқа жүгінді. Талапкер әйелдің меншік иесі емес, жалдау шарты бойынша тұратынын айтты.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талапты қанағаттандырмай, сот орындаушысының әрекетін заңды деп таныды. Өз шешімін негіздеу үшін олар Бала құқығы туралы конвенцияға, бала мүддесін басым қорғау қажеттілігіне, сондай-ақ ізгілік, әділдік және парасаттылық қағидаттарына сілтеме жасады.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот мән-жайларды зерделей келе, атқарушылық іс жүргізудің кәмелетке толмаған балалары бар отбасына қатысты қозғалғанын анықтады. Заң бойынша жылыту маусымында әлеуметтік осал азаматтарды, балалы отбасыларды және I немесе II топ мүгедектерін жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салынған. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заң мұндай іс жүргізулерді тоқтатуды тікелей міндеттейді.
Кассация сондай-ақ тараптар арасында бұрын сатып алу құқығымен жалдау шарты жасалғанын, бұл отбасының ұзақ және тұрақты тұрғанын көрсететінін атап өтті. Іс жүргізуді тоқтату уақытша сипатта, сот актісін орындауға кедергі келтірмейді және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Нәтижесінде кассациялық саты төменгі соттардың шешімдерін күшінде қалдырды.


