Қызылордада қатыгез өлтіру дерегі тергелуде: марқұмның қарындасы шабуылды 12 адам жасағанын айтқан, ал күдікті ретінде тек үш адам ұсталған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Қызылорда тұрғыны Анастасия есімді әйел Threads желісінде жазба жариялап, қоғамға жүгініп, отбасындағы қайғылы жағдайды баяндады. «Бұл жазбаны көзіме жас алып, сөзбен жеткізу мүмкін емес қайғымен жазып отырмын. Туған інімді өлтіріп кетті. Оның өмірі қатыгездікпен үзілді, отбасымыз осы ауыр жоғалтуды әлі күнге дейін қабылдай алмай келеді. Біздегі мәлімет бойынша, шабуылға 12 адам қатысқан. Інімді топ болып ұрды, соққы жүрек тұсына тиген. Бірақ қазіргі уақытта тек үшеуі ұсталды. Сонымен қатар, бізге белгілі болғандай, тергеу оны тек үшеуі ұрды деген нұсқаны қарастырып отыр, алайда шабуылды 12 адам жасағанын айтатын куәгерлер бар. Менің бір ғана сұрағым бар: егер 12 адам қатысқаны туралы куәгерлер айтып отырса, тергеу неге тек үш ұсталған адаммен шектеліп отыр? Мен 12 адамның барлығы бірдей дәрежеде кінәлі деп айтпаймын. Бірақ әрқайсысының рөлі мұқият тексеріліп, куәгерлердің айғақтары тыңдалуын талап етемін», — деді ол.
Осы іс бойынша Қызылорда облысы полиция департаментінде мәлімдеме жасалды. Онда Қызылорда қаласының тұрғынын өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. Оқиғаға байланысты үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Барлық алынған бейнежазбалар зерделенді. Оқиғаға басқа адамдардың қатысуы мүмкіндігі туралы мәліметтер тексерілуде. Әрбір тараптың рөлі мен қатысу дәрежесіне тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», — деп қосты полицияда.


