Қызылордада «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» (ҚТҮК) жылу маусымында ананы кәмелетке толмаған балаларымен бірге жалдамалы пәтерден шығару әрекеті сәтсіз аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекеттік сот орындаушысы қыс аяқталғанша шығару процесін тоқтата тұрды, алайда ҚТҮК бұған келіспей, сотқа әкімшілік талап-арыз берді. Компания сот орындаушысының қаулысын заңсыз деп тауып, күшін жоюды талап етті және әйел пәтердің меншік иесі емес, тек шарт бойынша жалға алатынын, сондықтан кейінге қалдыруға заңды негіз жоқ деп дәлелдеді.

Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар ҚТҮК-тің талабын қанағаттандырмай, сот орындаушысының әрекеттерін заңды деп таныды. Шешімдерінде олар компанияның талап-арызы Бала құқықтары туралы конвенцияны, сондай-ақ ізгілік пен әділдік қағидаттарын бұзатынын атап өтті.

Іс кассациялық сотқа дейін жетті. Сот іс жүргізудің кәмелетке толмаған балалары бар отбасына қатысты қозғалғанын анықтады. Сонымен қатар, кассациялық сот заң бойынша жылу маусымында балалары бар отбасыларды, мүгедектігі бар адамдарды және әлеуметтік осал топтарды жалғыз баспанадан шығаруға тыйым салынғанын еске салды. Сондай-ақ, бастапқыда тұрғын үй әйелге кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілгенін ескерді, бұл отбасының ұзақ және тұрақты тұруын растайды.

Бұл ретте кассациялық сот шығаруды тоқтата тұру туралы шешім уақытша сипатқа ие екенін, сот үкімін жоймай, тек қысқы кезеңде балалардың құқықтарын қорғайтынын атап өтті.

Бұған дейін Қазақстанда борышкерлерді баспанадан шығару ережелері өзгергені хабарланған болатын.