Қазақстанда мемлекеттік және жеке ұйымдардың латын қарпіндегі жазбалары мен баннерлерін орналастыруға уақытша тыйым салынды. Бұл шешім қазақ әліпбиінің латын графикасына негізделген жаңа нұсқасының бекітілуін күтумен байланысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ғылым және жоғары білім министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдарға меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдардың латын графикасындағы көрнекі және өзге де ақпараттарын жетілдірілген әліпби бекітілгенге дейін орналастыруды тоқтата тұруды ұсынды.
Қазіргі уақытта Тіл білімі институтының, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының және жоғары оқу орындарының ғалым-лингвистері қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына негізделген жобасы мен емле ережелерін жетілдіруде.
Бұған дейін қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге бөлінген қаражаттың негізгі бөлігі жұмыс жоспарларының өзгеруіне байланысты бюджетке қайтарылғаны хабарланған болатын. Жобаға және цифрлық қызметтерге республикалық бюджеттен қосымша қаражат әліпби мен барлық нормативтік құжаттар ресми бекітілгеннен кейін ғана бөлінетін болады.


